Chania
418
03.11.2020
Қостанайда шығыс мәдениетінің І республикалық фестивалі өтті

Қостанай облыстық Ассамблеясы ұйымдастырған ауқымды онлайн іс-шараға Қостанай, Тараз, Ақтау, Орал, Павлодар қалаларының шығармашылық ұжымдары қатысты. 
«Өзбек, тәжік, қазақ жұртының түп тамыры бір. Бізді ортақ тарих, ортақ құндылықтар, өзара құрмет пен сенімге негізделген достық қарым-қатынас біріктіреді. Біздің қауымдастықтың он бес жылдан астам тарихы бар, біз Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың көреген саясатының негізінде жиырма бес жыл бұрын құрылған татулық пен келісімнің қара шаңырағы – Қазақстан халқы Ассамблеясы арқасында Өзбекстан мен Тәжікстан елдерінің салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын танытып, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтауға тырысамыз», - дейді «Шарк» этномәдени бірлестігінің ақсақалы Хамид Ёрибеков. 


    «Шығыс мәдениетінің «Жібек жолы» фестивалін былтыр жүзеге асыра алмағандықтан биылғы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруды жөн көрдік. Онлайн іс-шараны өткізу үшін Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі өнерпаздарды тарттық», - дейді қоғамдық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Юлия Пономарева.
     Ақтау қаласының «Экзотика» би ансамблі иран халқының «Бахрам» биін, Орал қаласының әртістері өзбек халқының «Хорезм» биін, Павлодар қаласының «Эвришим» ансамблінің бишілері ұйғыр халқының «Гульдәк жананла» биін, Тараз қаласының «Инфинити» би ұжымы өзбек халқының жалынды биін паш етсе, жергілікті «Алтынай» би ансамблі мен Достық Үйінің «Indigo» хореографиялық ұжымы көрермендерді мың бұралған биімен тәнті етті.


    «Шарк» тәжік-өзбек этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Анвар Оспанов және «Асем-бэнд» би ұжымының жеке орындаушысы Камиля Жунусова өзбек тілінде әуелете ән шырқады. Достық Үйінің көркемдік жетекшісі Мария Кубжасова баршаға танымал «Чайхана» әнін нақышына келтіре орындап, тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді. 
    Жоғарда аталған шығармашылық нөмірлерді қамтитын концертті облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми You tube арнасынан көруге болады.