Chania
393
01.10.2020
Аналар кеңесінің отырысында көпбалалы аналарды, жастарды қолдау мәселелері көтерілді

Аналар кеңесі кезекті отырысында «Көпбалалы ана» мәртебесін тағайындау тәртібіне өзгертулер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Кеңес мүшелері 2011 жылдың 26 желтоқсанындағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 1 бабы 1 тармағының 17-3 тармақшасына сәйкес көпбалалы ана үлкен баласы 23 жасқа толғаннан кейін «көпбалалы ана» мәртебесінен айырылатындығына және сол сәттен бастап кіші жастағы балаларға мемлекет тарапынан көмек көрсетілмейтіндігіне наразы. 
«Мысалы, екі баласы бар жалғызбасты ана үш баласы бар жалғызбасты ер адамға тұрмысқа шығып, бес бала тәрбиелейді, мұндай жанұяны «көпбалалы жанұя» санатына жатқызу қажет деп ойлаймын, сондай-ақ, 4-тен астам баланы қамқорлығына алып, ата-ананың міндетін атқарып жүрген әйелге «көпбалалы ана» мәртебесін беру мәселесін қарастырған жөн», - дейді облыстық Аналар кеңесінің кураторы Қанағат Қасым.   Аналар кеңесі бұл өзекті мәселенің шешімін табу үшін ҚХА-ның депуттарына жүгінуді ұсынды. 
«СарыарқаАвтоПром» ЖШС жанындағы Аналар кеңесі «көпбалалы жанұялардан шыққан балалар», «жетім балалар», «ауыл жастары» санатына жататын оқу орындарының түлектерін және жас дарындарды  «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «АгромашХолдингKZ» АҚ, «КАМАЗ» ЖАҚ, «КТЗ» АҚ сынды машина жасайтын кешендерге және өзге ұйымдарға жұмысқа орналастыруға бағытталған жоба дайындауды ұсынды.
Сонымен қатар, іс-шара қатысушылары мектеп оқушылары мен жастарға, шалғайдағы ауылдық аймақтардан келген азаматтарға кәсіби бағыт беруге арналған тағылымдама бағдарламаларын құруды ұсынды. Сондай-ақ, қиын жағдайға душар болған әйелдерге сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беріп, «Еnbek» мемлекеттік бағдарламасы арқылы өндірістік кешендерге жұмысқа орналастыру қажеттігін жеткізді.