Елордада «Манас» эпосының қазақ тіліндегі нұсқасы мен Абай шығармаларының қырғыз тіліндегі академиялық басылымының тұсаукесері өтті
23 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен «Бекем бауырластық байланыстар: Манастан Абайға дейін» атты алқалы жиын өтті. Шара барысында «Манас» эпосының қазақ тіліндегі нұсқасы және Абай Құнанбайұлы шығармаларының қырғыз тіліндегі академиялық басылымының тұсаукесері өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев өз сөзінде «Бекем бауырластық байланыстар: Манастан Абайға дейін» деп аталған онлайн шараны тамашалап отырған қырғыз бауырлар мен еліміздің әр тарапынан қосылған зиялы қауым өкілдеріне жылы лебізін білдіре отырып: «Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарып отырған қазақ тіліндегі «Манас» қырғыз халық эпосының және қырғыз тіліне аударылған «Абай Құнанбаев шығармалары» кітаптарының тұсаукесер рәсіміне хош келдіңіздер! Өздеріңіз білетіндей, биылғы жылы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылы ақын¬ның 150 жылдық тойында «Абай жылын өткізген жақсы. Абай жырын жаттаған дұрыс.
Ал оның терең ойы мен пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір кірпіш боп қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен құба-құп. Ол үйреткен тағылым мен ол көксеген мұраттарды шын қастерлей білгеніміздің, әділет пен абзалдық ұстазы алдындағы перзенттік қарызымызды терең түсініп, өтей алғандығымыздың бірден-бір белгісі де осы болып табылады» деген еді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай және XXI ғасыр¬дағы Қазақстан», «Абай – рухани реформатор» мақалалары арқылы мерей¬той аясында атқарылуы тиіс нақты міндеттерді межелеп берді. Алғаш рет 10-тамыз «Абай күні» деп белгіленіп, мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді. Бұл – ұлы ақынға көрсетілген жоғары құрмет – ұлттық руханиятымыз бен әдебиетімізді дамытуға және сөз өнерін қастерлеуге жасалған тарихи қадам деп білеміз.
Абайды терең танып, айналамызға түсіндіре беру, баршамыздың азаматтық әрі патриоттық борышымыз болуы тиіс. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» жырлаған ақынның мерейтойына орай әлемде орын алған жағдайға қарамастан, әртүрлі форматта шаралар ұйымдастырылып, әркім өз үлесін қосып жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы да этномәдени бірлестіктер арасында ойшыл ақынның шығармашылығын насихаттап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында республикалық онлаин поэзия фестивалін ұйымдастырды. Шараға мемлекеттік тілді еркін меңгерген 500-ден астам этнос өкілі қатысып, ақын өлеңдері мен аудармаларын қазақ тілінде жатқа оқыды. Бірегей ғұламаның шығармашылық әлемі өз кезегінде көпұлтты халқымыздың жарас¬ты ынтымағын арттырып, осылайша береке-бірлігімізді бекемдей түсері сөзсіз», - деп атап өтті. Биыл Баку қаласында өткен Түркі академиясының Ғылыми кеңесінде 2020 жылғы Түркі әлемінің айтулы даталары қатарында Maнас дастанының 1125 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту бекітілген еді.
Манас эпосына арналған іс-шаралар жыл аяғына дейін жалғаса беретін болады. Сөзін жалғастыра отырып, Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев Дархан Қыдырәлі басқарып отырған халықаралық Түркі академиясы ел мен жерді жақындастырып, түркі әлемі тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп, зерделеу бағытында нақты жобаларды іске асырып келе жатқанын да айтып өтті: «Соның ішінде бір туған қырғыз халқының рухани мұрасына да ерекше көңіл бөліп, бұған дейін «Манас» энциклопедиясы, «Манас» сөздігі, «Манас» эпосының қолжазбасы, «Манас эпосының философиясы» атты еңбектерді жарыққа шығарды. Бүгін «Манас» эпосын қазақ тілінде жұртшылық назарына ұсынып отыр. Манас жырының әлем халықтары әдебиетінде орны бөлек, тек қырғыз халқының ғана емес, күллі түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігінен, тарихынан, салт-дәстүрінен сыр шертеді.
Бұл батырлық эпосты кезінде ұлы ғалымдарымыз Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезовтер зерттеп, еңбектер жазған. «Манас» жырын жатқа айтып, халық арасында кең таратып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген Келдібек, Найманбай, Қалмырза, Солтанбай, Есенаман сияқты «шоң манасшылардың» есімдері ерекше құрметпен аталады. «Манастың» көркем де толық нұсқалары осы айтушылардан жазып алынып, хатқа түсірілген. Сол жолды бүгін ақын Баянғали Әлімжанов жалғастырып, Манас жырын ықшамдап, халыққа ыңғайлап жеткізіп отыр. «Манас» жырының қазақ тілінде жарық көруі – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған құнды қазына деп білеміз. Ендеше, қос кітаптың оқырманы көп болсын! Баршаңызға құтты болсын айтамыз!». Басқосуға, сондай-ақ, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Елшісі Жээнбек Кулубаев, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, түрколог, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, профессор, түрколог-ғалым Шәкір Ыбыраев, сонымен қатар БАҚ басшылары мен басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ҚХА мүшелері, зиялы қауым мен этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.