Chania
465
22.07.2020
«Бәріміз үйде болайық...» жобасы: Ыбыраевтар әулетінің отбасылық бақыт құпиясы

Бүгін сіз бен біз Жангелдин ауданында тұратын Ыбыраевтар жанұясымен танысамыз, отағасы Нұрболат – коллекция жинаушы, отбасының ұйтқысы, асыл жар, аяулы ана  Гүлсезім – мәдениет саласының қызметкері, аудандық Аналар кеңесінің хатшысы төрт бүлдіршін тәрбиелеуде.  


Гүлсезімнің аспаздық қабілеті баршаға аян, ол қазақ халқының ұлттық тағамы-жаппасайды керемет әзірлейді. Бұл тағамды  отбасы мүшелері бірге дайындайды, ықыласпен дайындалған астың дәмі ерекше болады.
Бірлігі жарасқан отбасы  аталмыш ұлттық тағамның  дайындалу жолымен бөлісуді жөн көрді. 


«Жаппасай қамырдан, ет пен көкөністен дайындалады. Оны әзірлеу үшін ет, қартоп, сәбіз, пияз, тәтті бұрыш, сарымсақ, өсімдік майы, томат пастасы, су, тұз, бұрыш, ұн, жұмыртқа қажет. Алдымен қамыр илеп, оны сегіз бөлікке бөліп, әрқайсысын домалату қажет, кеуіп қалмас үшін полиэтиленді қалтаға салған жөн, кейін әрбірін диаметрі 20-23 см болатындай қылып жаю қажет. Қамырды түгел өсімдік майымен майлап, бүктеу қажет. Содан соң қазанға өсімдік майын құйып, ет пен сәбізді, пиязды 20 минуттай қуырып алу қажет, кейін қалған көкөністерді, тұз, бұрыш, томат пастасын салып араластыру керек. Қуырылған ет пен көкөністерді қамырға салып, қалған қамырмен жауып, жабық ыдыста 20 минуттай пісіру керек. Жаппасай піскеннен кейін қамырын бөлек ыдысқа, ет пен көкөністерді бөлек ыдысқа салып алып, дастарханға ұсыну қажет. Қаймақ, аскөк, ақжелкен қосуға болады. Астарыңыз дәмді болсын!» - дейді Гүлсезім. 
Қызығушылықтары ерекше жанұяларды танитын болсаңыз, олардың парақшаларын әлеуметтік желілерге жіберіңіз, біз олардың маңызды да қызықты ақпаратын паш етуге дайынбыз.