Індетке қарсы тұру мақсатында қабылданған карантинге байланысты азаматтарымыздың көбі төрт бұрышқа қамалып отыр. Алайда, мұның да пайдалы тұсы бар, адамдар отбасының, денсаулықтыің қадірін түсінетін болады.
Бұл ретте, облыстық Аналар кеңесі жаңа жобаны іске асырмақ. Жоба аясында жанұялар бақытқа қол жеткізудің сырларымен бөлісіп, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлер туралы баяндайды, бала тәрбиесіндегі жетістіктерімен, ортақ қызығушылықтарымен таныстырады.
Жобамыздың алғашқы қатысушылары – интернационалды Молдахметовтар әулеті. Олар өздері тұратын Қарамеңді кентіне танымал, себебі отбасының ұйтқысы Олеся – он саусағынан бал тамған кондитер. Ол бүкіл аудан тұрғындары үшін тәтті тағамдар әзірлеп қана қоймай, жұбайымен бірге төрт ұл баланың тәрбиесімен айналысады.
Олесяның мамандығы - модельер, ол көздің жауын алатын киімдер мен балаларға арналған жаңа жылдық костюмдер тігеді. Киіз үй безендірумен айналысқан. Үш жыл бұрын көпбалалы ана өз жанұясын дәмді тортпен қуантқысы келді, дайын болған торттың фотосуретін әлеуметтік желіге жариялағаннан соң жан-жақтан тапсырыстар келе бастады. Қажетті азық-түліктерді сатып алып, ыдыс-аяқтарды жууға сүйікті ұлдары көмектеседі, ал отағасы тортты тапсырыс берушіге жеткізеді. Бұл отбасы бақытының бір құпиясы!
Қызығушылықтары ерекше жанұяларды танитын болсаңыз, олардың парақшаларын әлеуметтік желілерге жіберіңіз, біз олардың маңызды да қызықты ақпаратын паш етуге дайынбыз.