Әлемді жайлаған COVID-19 індеті, өкінішке қарай, біздің елімізде де белең алып, ауруға шалдыққандар саны күрт өсіп отыр. Кісі өлімі көбейіп, арыстай азаматтарымыздың ортамыздан кетіп жатқаны жанымызға батады.
Осынау қиын сәтте Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің күшіміз – береке-бірлік пен тұтастықта екенін тағы бір мәрте еске салды. Халқымыз басына түскен ауыртпалықты өзінің күш-жігері, ұйымшылдығы, болашаққа деген ұмтылысы арқылы жеңетініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялап, орын алған кемшіліктерді жойып, жүзеге асуы тиіс шұғыл шараларды атап көрсетті.
ҚХА өз кезегінде қазақ еліне қолдау білдіре отырып, карантин талаптарын қатаң сақтауға және туған-туыстарға жанашыр болуға шақырады.
Бүгінгі қаралы сәтте жақындарынан айрылған барша отбасылардың қайғыларына ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамыз.