Chania
437
10.07.2020
«Мақсатымыз – қоғамға пайда тигізу»

Достық Үйі Қоғамдық келісім кеңесінің өкілдерімен онлайн-кездесу аясында алғаш рет бірлескен тікелей эфир өткізді.
Меңдіқара аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Козлова Наталья Ивановна барша қауымды аудандық кеңестің жұмысымен таныстырды.  Қоғамдық келісім кеңесінің басты қозғаушы күші – іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленетін басшысы. Кеңес мүшелері мен жергілікті кәсіпкерлердің арқасында  еліміздегі төтенше жағдай кезеңінде дүние-мүлкі өртке оранған азаматтарға материалдық көмек көрсетілді, мұқтаж жандар  азық-түлікпен қамтамасыз етілді, жетім қызға пәтер сатып алынды.


«Біз жанымыздағы адамдардың қиналғанына бейжай қарай алмаймыз. "Костанайские новости» газетінің редакциясы былтыр екі қызды құтқарып, өзі суға батып кеткен ер азаматтың жанұясына хабарласып, жағдайын сұраған болатын. Отбасы мүшелері көмекке зәру екен. Біз мақаланы оқып шығып, киім-кешек пен азық-түлік жиынтықтарын жібердік», - дейді құрылым басшысы. 
Сонымен қатар, Наталья Ивановна этносаралық мәдени әртүрлілікті насихаттауға бағытталған іс-шараларға тоқталды. Аудандық кітапхананың жанында «Достық» қазақ-славян клубы жұмыс істейді. Қоғамдық келісім кеңесінің  мүшелері Қорған облысында өтетін шахмат турниріне қатысуға барады, ал ресейліктер Меңдіқара ауданына қонаққа келеді.


Наталья Ивановна өз ісің жақсы көретін, нәтижеге ұмтылатын, бастамашыл, кез келген жұмысты үйлестіре алатын тұлға. Осындай елім деген азаматтардың арқасында 25 жылдық тарихы бар этносаралық келісімнің бірыңғай институты - Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі жемісті бола бермек.