Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты «Дуслык» татар-башқұрт қауымдастығымен жыл сайын ұйымдастырылатын ауқымды мереке биыл онлайн форматта өтті.
«Сабантой егін бітік шықсын деген тілекпен аталып өтетін мереке. Біз биыл мол өнімге қол жеткіземіз деген үміттемін, барша халыққа зор денсаулық тілеймін», - деді бірлестік төрағасы Ринад Бектемиров.
«Биылғы Сабантой мерекесі Қазақстан халқы Ассамблеясының және «Дуслык» татар-башқұрт қауымдастығының 25 жылдығына арналған. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты барлық іс-шаралар онлайн форматта өтуде. Концертке қатысушы әртістер мен шығармашылық ұжымдар бар өнерлерін ортаға салып, қостанайлықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтындығына сенімдімін», - деді Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Қаламқас Сандыбаева.
Қауымдастық белсендісі, танымал орындаушы Радик Вильдянов, «Ляйсан» ансамблі, Диана Кичкайло, Анель Пимичева, Мадина Габдулина сынды өнерпаздар көрермендерге әсерлі де әсем әндерін тарту етті.
«Ритм» хореографиялық ұжымының, «Зарянка» ансамблінің құрамындағы кішкентай бишілердің, «Надежда» халықтық би ансамблі мен Қостанай ауданынан келген «Эрфольг» ұжымының билері іс-шараның көркін қыздырды. Жас сырнайшы Талғат Латыпов шеберлігін паш етті.
Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының және Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымы әртістерге шын жүректен алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тілейді!