Chania
692
28.05.2020
Қалқаман ЖАҚЫП, профессор: «Тарихтан тағылым – тәубеге жол ашады»

Өткен ғасыр қазақ халқы үшін ауыр нәубет пен қасіреттерді, «екінші ақтабан шұбырындыны» кешу ғасыры болды. Тарих қатпарларында қаншама жазықсыз төгілген көз жас пен аққан қан қалды. Кеңес өкіметінің қолдан күштеп ұжымдастыруымен Қазақ жерінде бір емес үш бірдей ашаршылық болды. Халық қамын жеген саяси қайраткерлер, ұлт зиялылары, автономиялық республика құрушыларды бір сөзбен айтқанда ұлт қаймағынан сескенген Кеңес өкіметі жаппай қудалауды бастады. Бұл тарихта қанмен жазылып қалған. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.И.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды.

Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға, «асыра сілтеу болмасын аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен жаппай ұжымдастыру мемлекеттің жоспарын шамадан артық орындау мақсатының нәтижесі халықты аштыққа ұшыратты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды. Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасында Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды.

Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Осылайша «халық жаулары», «ұлтшылдар», «исламшылар», «түркішілдер», «жапония тыңшылары» және т.б. желеулермен қазақтың бас көтерген зиялыларынан бастап, қарапайым еңбек адамдары да жазықсыз саясаттың құрбандығына шалынды. Тіпті, Л.И.Мирзоян Сталиннің бұйрығымен жазықсыз атылғандар санын қолдан мейлінше арттыруға тырысты. 118 мың адам жазықсыз тұтқындалып оның 25 мыңы атылды. Қазақ зиялыларының әйелдері де бұл жазадан тыс қалмады. Күйеуінен бас тартпаған әйелдерді қамады. Бұл лагерь «Алжир» деген атпен тарих беттерінде қалды. Бұл жерде «отанына опасыздық жасағандардың» әйелдері қамалды. Талайдың тағдырын тәлкек еткен мекеме КСРО ішкі істер халық комиссариатының бұйрығымен 1937 жылы 15 тамызда Ақмола қаласының жанындағы Төңкеріс (Малиновка) елді мекенінде құрылды. «АЛЖИР» лагері 30 га жерді алып жатты. Оның Қарағанды және Ақмола облыстарында бірнеше бөлімшелері болған.