Chania
598
04.05.2020
Қазақстан — біздің де Отанымыз

Бүгін 1 мамыр мерекесі. Қазақстан халқы үшін ең ірі мерекелердің бірі. Биылғы жағдай болмағанда жылдағыдай бұл күн де ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін дәріптейтін, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды  көрсететін шараларға толы болар еді. Бірақ бұл көктем баршаға белгілі себептермен басқа болып тұр. Десе де көңіл де, татулық та, бірлік те сол қалпында.

«Бірлік болмай тірлік болмас» дейді қазақ. Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бар жағдай жасалуда. Орталық алаңқайда бас қоса алмасақ та бұл күні қазақ еліне алғысын білдірген отбасылармен хабарластық. Соның бірі – Татьяна Осипенко, ол қазір Францияда тұрады.

–Қазақстан мен үшін аса қымбат. Шексіз дала, қазақ халқының дәмді тағамдары әлі есімде. Әдемі киінген, ән мен биге толы ұлттық мерекелерін еске алып қоямыз.  Қазақ елінің кең жүректі халқын сағындым. Қазақстанды отаным деп білемін. Себебі, сонда туып, білім алдым. Маған білім берген білікті ұстаздарыма ризамын. Өмірімнің ең маңызды кезеңі Қазақстанда өтті. Осы елде тәрбие алып, қалыптасқаныма қуанамын.  Қазақстанда көптен бері тұрмасам да жүрегім осы жақта. Қазақ халқының ұлттық тағамдарын әлі күнге тамсана еске аламын, кейде тіпті қазақша шәй, тағамдар да әзірлейміз. Бір-бірімізді ұлттық мерекелерде құттықтайтынымыз да бар. Өз басым Наурыз мерекесін қатты жақсы көремін. Наурыз тіршіліктің оянып, айнала әсемдікке бөленетін көктем мерекесі. Қай жерде тұрсақ та қазіргі әлемдегі жағдай ең алдымен денсаулықты, жақындарымызды, жылы қарым-қатынасты қадірлеу керек екенін түсіндіргендей. Сіздерді осы мерекемен құттықтай отырып, бар жақсылықты тілегім келеді, – деп ыстық сәлем жолдады Татьяна Осипенко.

Ал Фишерлер отбасы Германияда тұрады. Анна Фишердің де бүгінгі мерекеде айтар алғысы бар.

–Қазақстан десе жүрегім елжірейді. Өмірімнің тең жартысы қазақ жерінде өтті. Сондықтан мен үшін өте қымбат. Балалық шағым, өскен үйім… Тіптен даланың иісін де сезгендей боламын. Достарым мен көршілерімнің бәрі де Қазақстанда қалды. Адам ретінде Қазақстанда қалыптасып, тәрбие, білім алдым, алғашқы махаббатымды да кездестірдім. Қазақтың дастарханы мол ғой, небір дәмді тағамдардан ауыз тидік. Біз өзге елде тұрсақ та ет асып, бауырсақ пісіреміз. Әкем қазақ тілінде жақсы сөйлейтін. Ол бастауыш сыныптарда қазақша оқыды. Сол кезде орыс тілін мүлде белмейтінмін деп айтатын. Ал әкемнің немере қарындасы қазақ отбасына келін болды. Сондықтан қазақ халқының салт-дәстүрін сақтап, құрметпен қараймыз. Бүгінгі мерекеде Қазақстан халқын құттықтағым келеді. Осы өмірде жүргенімнің өзі қазақ халқының кеңпейіл, дархандығының арқасы деп білемін. Қарапайым қазақтардың мейірбандығы болмаса менің атам мен әжем аштықтан көз жұмар ма еді. 1941 жылы немістерді Қырым жерінен жер аударғанда оларды қыс ішінде Қазақстанға өлімші халде тастап кеткен. Оларға қарапайым қазақ халқы көмектесіп, бір үзім нанымен бөлісіп, жылы қабылдаған. Осы достықтың арқасында біздер жер басып, аман жүрміз. Сол себепті де мұндай жақсылықтар қайда жүрсек те ешқашан ұмытылмайды. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтап, баршаға Германия елінен, Фишерлер отбасынан сәлем жолдағым келеді, — дейді Анна Фишер.

Міне, ұлттар достығы дегеніміз осы болар. Қайда жүрсе де қазақ жерін көзіне жас ала еске алатын, жастық шағы өткен жерді сағынатын өзге ұлт өкілдерінің айтары тек алғыс қана.