Chania
506
27.04.2020
Онлайн форматтағы іс-шаралар жалғасуда

«Қазақстанның бірлігі халықтар достығында» тақырыбына арналған онлайн-дәрістерді өткізу аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының өкілдерімен бірлестікте ZOOM платформасында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен және аймаққа, республикаға танымал спикерлермен кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараға студенттер, ҒСТ мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жалпы  40-тан астам адам қатысты. Ө. Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ-нің жанындағы ҚХА кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Евдокимова Ольга Николаевна модератор болды. Конференция барысында облыстық ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, белгілі саясаттанушы, Парламент Мәжілісінің экс-депутаты, Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің жанындағы ҚХА кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Вишниченко Валерий Георгиевич, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі» ЖШС директоры Нұрбек Әбдібеков, «АгромашхолдингKZ» АҚ бірінші вице-президенті, 2019 жылы өткен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Шүкіжанова Динара, WorldSkillsInternational халықаралық сертификатталған сарапшысы, А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің оқытушысы Саидов Анзор Мусаевич, белгілі қоғам қайраткері, ҚХА-ның мүшесі, кәсіпкер, ментор Абдуссаламов Рустам Абдуссаламович  сынды спикерлер баяндамаларын оқыды. Абдуссаламов Рустам әлеуметтік желілердің оқырмандарға деген әсеріне тоқталды.

«Бүгінде азаматтардың көбі әлеуметтік желілерді пайдаланады, ондағы жағымсыз пікірлерді қабылдамай, керісінше оларды болдырмаудың жолдарын іздестіру қажет. Бұл ретте, Қордайдағы жағдайды еске алсақ, онда бір хабарлама халықты қайғылы жағдайға  ұшыратқан болатын. Жастармен жағымды диалог жүргізу қажет, әлеуметтік желілерге ойға ой қосатын мазмұнды да мағыналы материалдар жүктеу керек», - деді  ментор.

Спикерлер бір жарым сағат бойы Ассамблеяның маңыздылығына тоқталды. Идеологияны ілгерлету, әлеуметтік желілер арқылы патриоттық сезімді ояту және дау-дамайларды оңтайлы шешу мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ, спикерлер жетістікке жету жолымен бөлісіп, жастарға үлгі көрсетті, «халықтар достығы – жарқын болашақтың кепілі» екендігін аңғартып, ынтымақ пен бірлікті сақтау қажеттігін жеткізді.