Chania
479
20.04.2020
Марияш Кадралинова: «Бүгінде достықтың қара шаңырағына айналған Ассамблея  өзінің маңыздылығын және қажеттілігін дәлелдеді»

«Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV  сессиясында Елбасымыз  Н.Назарбаев «Қазақстан халқы Ассамблеясы тәуелсіздіктің ең ұлы құндылығы» деген болатын. 

1992 жылдың желтоқсанында еліміздің  Тұңғыш Президенті жаңа қоғамдық институт құру жөнінде ұсыныс білдірген. Бұл шешім көпұлтты қоғамда тұрақтылық пен келісімді сақтап қалу үшін қабылданған. Мемлекет үшін ұлтаралық қарым-қатынас тұрақтылығы айрықша маңызды екендігі сөзсіз мәлім. Экстремистік топтардың этнос өкілдерін бір-біріне қарсы қойып, араздық отын лаулатуы ұлтаралық қатынас тұрақталығына әсер тигізді. Сондықтан білікті басқару, ұлтаралық қарым-қатынасты реттеу, терроризммен күресу жүйелерін қалыптастыру талап етілді. 

Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың ұсынысымен 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл құрылым - ұлтаралық қарым-қатынастарды үйлестіруге бағытталған бірегей институт.

Қазақстан халқы Ассамблеясы біріншіден, ұлтаралық қарым-қатынастарды реттейтін қоғамдық институт болса, екіншіден, полиэтникалық қоғамның саяси жүйесінің бір түрі. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлтаралық тұрақтылықты сақтау мақсатымен заңдылық саласында да өзіндік рөлі бар. Ата Заңның 39 бабының 2 тармағына, 44 бабына, 51 бабының  1 тармағына сәйкес міндеттері мен құқықтары белгіленеді  және Қазақстан Республикасының Мәжілісіне тоғыз депутат сайланады. Қазақстан көпұлтты мемлекет, сондықтан сайланған Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерінің мақсаты – барлық ұлттардың мүдделерін қорғау, мәселелерін шешу.  

Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттарының мақсаты – ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту, тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді, бейбітшілікті сақтау. 

Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық институт ретіндегі қызметі айрықша атқарады және бұл қызмет ақпараттық технология ғасырына сай болуы тиіс еді. Осыған байланысты Н. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының І сессиясында (1995 ж. 24.03.) Қазақстандағы гуманитария саласының ғалымдарына «Ұлтаралық қарым-қатынас, полиэтникалық қоғам тұрақтылығы, конфессияаралық келісім – күрделі мәселе, оны түсініп, біліп, зерттеу керек, тек сонда ғана біз бұл саладағы кез келген кедергілерді жеңеміз»  деген үндеу жолдады. Сондай-ақ, Елбасы сессия барысында «Біз Қазақстанның барлық ұрпағына қазына ретінде достықты сақтап қалдық» деген дана тұжырым келтірген болатын. 

2009 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан ғылыми-сараптамалық кеңес құрылды, оның басты мақсаты – ұлтаралық қарым-қатынас мәселелерін зерттеу бойынша ғылыми-ізденіс жүйесін дамыту. 

2015 жылы Қостанай облысында ғылыми-сараптамалық кеңестің филиалы ашылды. Қостанайлық ғылыми-сараптамалық тобының мақсаты – ақпараттық-насихаттау жұмысын жүргізу, аймақтағы ұлтаралық қарым-қатынасты, конфессияаралық келісімді нығайтып, көпұлтты қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға үлес қосу. 

Аймақтық ғылыми-сараптамалық топ мүшелері ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізеді, ғылыми зерттеумен айналысады, яғни монография, ғылыми-әдістемелік оқулықтар, нұсқауларды басып шығарады, мақалалар жариялайды. 

Егемен елдің қазіргі даму кезінде ұлттық мәселелердің шешілуі, құқықтық  қатынастардың реттелуі  ерекше маңызды. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық келісімді нығайту жолында медиация рәсімдерін қоғамдық келісім мен бірлік саласындағы мәселелерді шешуге пайдалануда.

Қазақстан ұлтаралық қатынастарды реттеудің өзіндік моделін тапқан мемлекет. Ел ішіндегі татулық пен ұлтаралық достықты насихаттау, оны елге түсіндіру соның негізінде қоғамдық пікірді байсалды қалыптастыру Қазақстанның дамуының негізгі кепілі. Республикамыздағы ұлтаралық келісім - ең маңызды жетістіктердің бірі және ұлттық мәселелердің ғылыми шешімінің нәтижесі. 

Бүгінде достықтың қара шаңырағына айналған Ассамблея  өзінің маңыздылығын және қажеттілігін дәлелдеді. 

Марияш Кадралинова, кәсіби медиатор, Қостанай әлеуметтік білім беру колледжінің директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор