Chania
438
20.04.2020
Қостанайлық профессор қазіргі Қазақстанның рухани жаңару мәселелерін зерттеп, «Қоғамдық сананы жаңғырту және Қазақстанның ұлттық коды» атты монографиясын ұсынды.

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы және философия кафедрасының профессоры Сафар Қолдыбаев өз еңбегін оnline форматында таныстырды. Тұсаукесер рәсіміне Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері қатысып, ой-пікірлерін білдірді. Олар зерттеудің өзектілігіне тоқталып, Қазақстанның саясаткерлер, журналистер, публицистердің назарына іліккендігін атап өтті, бұған БАҚ-да жарық көрген бірталай мақалалар дәлел. 
«Монографияда Қазақстандағы  өзекті мәселелер аясында қоғамдық сананың жаңғыруы  және Қазақстанның ұлттық коды қарастырылады. Қазақстанның қазіргі қоғамдық санасы  болашақта елеулі рухани жаңғырудан өтеді. Автордың пікірінше,  қоғамдық сананың өзгеруі  қазіргі Қазақстан халқының белгілі бір өркениетті рухани бұрылысымен байланысты. Қоғамдық сананың қалыптасу векторы батыстану жағына қарай бағытталады,   ұлттық ерекшелік, Қазақстанның ұлттық коды сақталады», -  дейді  А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан тарихы және философия кафедрасының меңгерушісі, Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы  ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, философия ғылымдарының кандидаты Д. Тойматаев. 
Облыстық  кітапхана жүйесінің өкілдері де монографияда келтірілген өркениеттік көзқарас контексіндегі тұжырымдамалық идеяларға қатысты өз пікірлерін ортаға салды.
«Менің ойымша, бұл монография ғалымдар, саясаттанушылар, оқытушылар, студенттер, кітапханашылар үшін аса қажетті практикалық құрал. Автор  мемлекетіміздің, мәдениетіміз, салт-дәстүр мен тіліміздің даму тарихын терең  зерттеген.  Ғалым  қазақ халқының сұрапыл  оқиғаларға қарамастан   ана тілін, өзінің бірегейлігін сақтап қалғанын жеткізді. Кітапханашылар үшін монографияның библиографиясы өте маңызды.
Автордың пайдаланған көптеген еңбектерімен танысып, аталмыш тақырып бойынша ізденетін  оқырмандарымызға дереккөздер ұсынамыз», - дейді  Л. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Дариха Дюсибаева. 
Оnline талқылаудан кейін «монографияны жариялау, көпшілікке тарату және оқу үрдісінде пайдалану, дәріс өткізу арқылы еліміздің барлық кітапханаларына таныстыру қажет» деген шешім қабылданды.