Chania
507
08.04.2020
Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласына ҚХА мүшелерінің пікірлерінің топтамасы

Елбасы бүгін Қазақ еліне үндеу жариялады. Нұрсұлтан Әбішұлының айтқан сөздерін жаны қазақ адам ғана толық түсініп қабылдайды.

Виктор Радомский: «Елбасы айтқандай, бірлесіп әрекет жасасақ, қиындықтар артта қалады»

Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдеріне және Қазақстанға таралған індет  барша адамзатқа қауіп төндіріп тұр. Елбасымыз осынау қиын-қыстау кезеңде халықты қолдау үшін үндеу жариялады. Ол барша қазақстандықтарға бақ-береке тілеп, азаматтарды сабырлыққа шақырды. Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кіріскендігін жеткізді.

Ол өз үндеуінде бүкіл адамзаттың жолайрықта тұрғанын аңғартты. Індеттің таралуымен байланысты қиын жағдай әлемдік геосаясатқа, экономикаға, экологияға, қоғам өмірінің сан алуан саласына кері әсерін тигізді. Өткен замандарда да талай соғыстар, шиеленісті жағдайлар, індеттер аз болмаған. Адамзат соның бәрін жеңіп, қиындықтан сабақ алып, өмір сүрген.

Бүгінде заманауи қоғам қиындықтарды жеңуі қажет. Мемлекет пен облыстар басшылығының нақты да үйлесімді жұмысы дертті таратпауға және халық арасында үрей  туғызбауға бағытталған. Өз кезегінде, біз қажетті нұсқаулықтарды орындап, карантиндік талаптарды сақтап, бұл жағдайдан сабақ алуымыз тиіс. Елбасымыз айтқандай, бірлесіп әрекет жасасақ, қиындықтар  артта қалады.

Виктор Радомский «Nadzieja» Қостанай облыстық поляк этномәдени бірлестігінің төрағасы

 

Наталья Козлова: «Осынау қиын кезеңде Елбасының қолдауы әрқайсымыз үшін маңызды»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір үндеуі маңызды, себебі оның әрбір сөзі орынды және жүректен шығады, ал жүректен шыққан сөз жүректерге жетеді. Әлемді жайлаған коронавирус (COVID-19) инфекциясы біздің елге де таралды. Осынау қиын кезеңде Елбасының қолдауы әрқайсымыз үшін маңызды.

Бүгінде мемлекет пен аймақ басшыларының үйлесімді жұмысының арқасында жергілікті жерлерде короновирусқа қарсы штабтар құрылып, белсенді жұмыс жасауда. Барлық қажетті эпидемиологиялық шаралар өткізілуде. Ал біз, ел азаматтары барлық әзірленген ұсынымдарды орындауымыз қажет.

Білім беру, денсаулық сақтау, полиция, мемлекеттік қызмет, арнайы қызмет жүйелеріне деген көзқарас өзгерді. Аталмыш құрылымдардың еңбегі лайықты бағаланғанбай, сынға түсетін. Бірақ, ең бастысы, бұл күндері адамдар отбасымен бірге болды, "отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтау" ұғымы жанданды.

Біз бір-бірімізге қамқор болып, толеранттылық танытып, жұдырықтай жұмылып, қиындықтарды еңсеруіміз қажет.

Елбасы өз үндеуінде әйгілі данышпан Төле бидің «Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ» деген нақыл сөзін келтірді, расында да, береке-бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайды. 

Наталья Козлова, Меңдіқара аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы, Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі

 

Ринад Бектемиров: "Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігінің арқасында экономикалық дағдарыстан сүрінбей өтетін мүмкіндігіміз бар…»

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа үндеу жолдады. Тәуелсіздік жылдары біздің халқымыз көптеген қиындықтарды бастан кешірді. Бағымызға орай елімізді дана басшы басқарды.  Міне, қазір де әлемді және қазақ елін коронавирус жайлаған қиын-қыстау кезеңде  Нұрсұлтан Әбішұлы барша қазақстандықтарға қолдау білдірді.

Індет барша мемлекеттердің сан түрлі салаларына кері әсерін тигізді. Кәсіпорындар жабылды, сауда-саттық  уақытша тоқтатылды, шекаралар жабылды, мұнай бағасы құлдырады. Елбасы атап өткендей: біздің республикамыз - пайдалы қазбалардың отаны. Мұнайға тәуелділіктен бас тарту шешімі жылдар өткен соң бұл стратегиялық бағыттың  дұрыстығын көрсетті. Бүгінде еліміз бойынша бәсекеге қабілетті тауар шығаратын жүздеген зауыт жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп белсенді дамуда. Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігінің арқасында  біздің экономикалық дағдарыстан шығатын мүмкіндігіміз бар, ұлттық қорды қолдап, әлемдік қиындықтарды еңсере  аламыз деген ойдамын.

Елбасы өз сөзінде қиындықтар рухты және өзіне сенімді адамдарды шынықтыратынын атап өтті, мен бұл пікірмен келісемін. Енжарлықтан арылып,  дағдарыстан шығуға күш жинауымыз қажет. 

Ринад Бектемиров, "Дуслык" татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы

 

Руслан Мырзағалиев: «Біздің қазіргі міндетіміз – белімізді бекем буып, қиындықты жеңу»

«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос», деген ұлы ақын Абайдың өсиетін тілге тиек еткен Елбасымыз – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз үндеуінде бірлігі жарасқан халық кез келген қиындықты жеңіп шығатындығын жеткізді.

Елбасы өз сөзінде шалғай және шет елдермен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған саясат аясында елімізде бірталай халықаралық іс-шаралар өткізіліп, соның арқасында аталмыш мемлекеттер еліміздің басына күн туғанда көмек көрсетіп жатқандығын алға тартты.

Бұл індет бүкіл әлемге соққы болып тиді,  елдердің экономикасы құлдырауда.  «Рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынықтырады. Сондықтан біз бойкүйездіктен, сарыуайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек», - деді Елбасы.

Біз бірталай сұрапыл кезеңдерді бастан өткеріп, бірлігімізді жоғалтпай, биік белестерді бағындырып келе жатқан елміз. Біздің басты міндетіміз – белімізді бекем буып, қиындықты жеңу, туған еліміз бен жерімізді сүю.

Руслан Мырзағалиев, Қостанай облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы

 

Анастасия Пушкарева:  «Ынтымағымыздың арқасында вирусты жеңіп шығамыз!»

Коронавирус індетінің таралуына байланысты бүкіл әлем және қазақ елі қиын жағдайға душар болды. Бүгін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жолдады, оның ел қамын ойлап, осынау кысылтаяң кезеңде халықты  қолдағаны көңіл қуантады, оның  әрбір сөзі жанға дауа.

Елбасы өз баяндамасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмысына оң баға берді. Ел азаматтарына мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Президентіміз барлық әлеуметтік топ өкілдеріне, кәсіпкерлерге және ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін жандарға көрсетілетін қолдау шаралары туралы толыққанды ақпарат берген болатын.

Бұл қолдау шаралары халқымызға қиындықты еңсеруге көмектеседі. Біз, еріктілер, халықтың әлеуметтік осал топтарына, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге тырысамыз, сол арқылы мемлекетімізге пайдамызды тигіземіз.  Ынтымағымыздың арқасында вирусты жеңіп шығамыз!

Анастасия Пушкарева, Қазақстан халқы Қостанай облыстық Ассамблеясы  Еріктілер қозғалысы орталығының төрайым