Chania
549
26.03.2020
Қалқаман Жақып: Жайбарақаттыққа жол жоқ!

Коронавирус індетінің бүкіл әлем елдерінің басына түскен сынақ екенін көріп отырмыз. Өкінішке қарай, біздің елді де айналып өтпеді. Бірақ бізге Алла тағала уақыт берген шығар, мемлекетіміз, үкімет пен ел басшылығы дер кезінде қам жасай білді дей аламыз. Қазір елде Төтенше жағдай жарияланғаны бәрімізге аян. Жер шарын алқымнан алған ауыр жағдай бізді Төтенше жағдай жариялауға мәжбүр етті. Президент Қ.Тоқаев әлсін-әлсін жолдап жатқан үндеулерінде, бүгінгі комиссия отырысында сөйлеген сөздерінде алдымызда тұрған міндеттерді басып айтып, нақты екшелген тапсырмалар берді. Ең бастысы, қазір халықтың жүріс-тұрысы, тіршілік және жұмыс қарым-қатынастары – барлығы да қазақстандықтарға ортақ белгіленген тәртіп-талап негізінде болуға тиісті. Әрине, бұрын Төтенше жағдай режимінде өмір сүру дағдысында болған халық емеспіз. Сондықтан мұны қоғамның психологиялық тұрғыдан қабылдауы күрделірек болуы бек мүмкін. Дегенмен, байбаламға салып, дүрбелең туғыза бермей, бастысы, бекем болуымыз керек, жинақы әрекет жасап, үлкен жауапкершілікті сезінуіміз қажет. Төтенше жағдай режимі талап етіп тұрған соң бізге өте жоғарғы деңгейде тәртіптілікті көрсететін уақыт келді. Басқаша жол жоқ. Оны өзге елдердің сәтті де сәтсіз тәжірибесі көрсетіп берді. 
Байқап отырсақ, Еуропадағы елдердің көпшілігі әу баста бұл індетке мән бермеді, алтын уақытын самарқаулыққа айырбастап алды. Оның жаға ұстатарлық салдары әсте бізге сабақ болуы керек. Ел басшылығы халықтан талап етіп отырған шарттарды сондықтан бұлжытпай орындағанымыз абзал. Бірақ, Қостанай қаласының шет жағында тұрсам да байқап жүргенім, айналадағы көп жұрт сақтық шараларын дендеп түсінбеген сияқты, терең сезінбеген секілді. Немқұрайдылық, салғырттық байқаймын. Сондықтан, жерлестер, біз бірінші жол жүруді, қазаққа тән қыдырыстауды, бейсауат жиындардың бәрін тоқтатуымыз керек. Елдегі екі-үш қаламыздың карантинде екені белгілі. Жайбарақаттық соңы, Алла сақтасын, басқа жерде де солай аяқталмасына кім кепіл? Халыққа түсіндіру шараларын әлі де күшейте түсу керек. Әсіресе, ақпараттар телеарналардан үздіксіз таратылғаны дұрыс, өйткені қазір көпшілігі үйде отырып, теледидар қосады. Екінші кезекте, денсаулық сақтау саласы өте үйлесімді қызмет жасауы керек. Яғни, халыққа қандай нақты деректерді білу керек, қандай мониторингтер жүргізілді, күдіктілер анықталғаннан кейін қандай ем қабылданады, дәрігерлерді шақырту, арнайы мекемеге жатқызылу қалай болады деген секілді ашық ақпараттар айтылып отырған артық болмас еді. Бұл бұқараның түсінік, сезігін оята түсу үшін керек. Әр сәтті, уақытты тиімді пайдалануымыз қажет, әр іс-амалды сауатты жасауымыз шарт. Мұны психологиялық тұрғыдан халық санасына жеткізудің пайдасы зор. Әсіресе, үлкен жастағы жандарды немқұрайды болмауға шақыру маңызды. Өйткені, вирус қаупі бірінші кезекте үлкен жастағы кісілерге төнетіні айтылды ғой. 
Сосын, тағы бір айтарым, қоғамдық қызмет көрсету орындарының талапты орындауын үнемі қадағалау керек. Күні кеше Қостанайың орталығында рейд өтіп, ереже-тәртіпті бұзғысы келген нысандар ескерту алды. Мұндай тексерістер қаланың шеткері аудандарына да шықса еді. Алыс емес қой, бір қаланың іші. Өйткені, өтініш жасағанның айыбы жоқ, қаланың мен тұратын шет жағындағы "Солнечный" супермаркетіндегі сатушылар әлі күнге маскасыз қызмет көрсетіп отыр. Ол жерден, қанша дегенмен, адам аяғы арылмайды ғой. Сұрасаң, "маска еш жерде жоқ" дейді. Басшылық уақыт өткізбей осы жетіспеушіліктің әлде салғырттықтың алдын алса ғой деп ойлайсың. Әйтпесе, міндетті түрде кісі өлімі тіркеліп, аурухана науқасқа толуы шарт емес қой… 
Жалпы, мен Төтенше жағдайды соғыстың ар жақ-бер жағы деп түсінемін. Соғыс кезінде қандай қатаң талап қойылатын болса, қазіргі режимде де соншалықты жауапкершілікті сезінуіміз керек! Қазір ауызды ашып, айға қарап, жағамыз жайлауда жүретін уақыт емес. Қазір ұлтымызды қорғап қалатын, бірлігімізді көрсетіп, басымызды сақтап қалатын алмағайып заманда тұрмыз. Немқұрайды, жайбарақат ахуалдан арылайық. Керек десеңіз, нақ қазіргі жағдайдағы мұндай мимырт мінез қылмыстан да жаман нәрсе. Тіпті, бұны ұлтқа деген қылмыс деп түсінуіміз керек. Осындай тұрғыда көзқарасымыз қалыптасуы шарт! Осындай қағиданы айта, жаза, көрсете беру қажет! Қазақ, Жұбан ақын айтқандай, мың өліп, мың тірілген халық қой. Момын мінезді, ешкімге еш уақыт жамандық істемейтін, істемек түгел ойламайтын ұлтты жаратушы тағы да аман сақтайды деп сенеміз. Бірақ, "сақтансақ қана сақтайтынын" естен шығармайық.