С. Баймағамбетов атындағы мектеп-гимназияның ұстаздары мен студенттері ұйымдастырған іс-шара Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналды.
Қостанай облысында мектеп ассамблеясы Әулиекөл ауданында ғана бар, ол осыдан 4 жыл бұрын құрылған болатын. Жоба аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда, соның бірі «Вместе навсегда» хаалықаралық жобасы. Ауқымды іс-шараға Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің өкілдері қатысты. Аталмыш елдердің оқушылары былтыр Кеңес Одағының батыры С. Баймағамбетовтың 100 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысқан болатын.
Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған «Достық шаңырағы» жобасының аясында «Школа-гимназия – микромир государства: единство в многообразии» (Мектеп-гимназия – мемлекеттің шағын әлемі: әралуандықтағы бірлік») форумы өтті.
«С. Баймағамбетов атындағы мектеп-гимназиясы 120 жылдық тарихы бар әлеуметтік институт. Әулиекөл ауданында ең алғашқы мектеп ХІХ ғасырдың соңында ашылған болатын, онда қоныс аударған балалар білім алды, соғыс жылдары поляк, еврей, татар балаларына арналған жеке сыныптар құрыла бастады. Бүгінде мектеп-гимназиямыз – көпұлтты мемлекетіміздің шағын әлемі. Сондықтан, біз 2016 жылдың 1 наурызында «Достық шаңырағы» атты мектеп ассамблеясын құрдық, оның құрамына ұстаздар мен оқушылардан құралған 12 мәдени-ұлттық орталық кіреді. Этнос өкілдері мен Әулиекөл ауданының тұрғындары кеңесшілеріміз болып табылады. Жобаның мақсаты – жалпыұлттық бірегейлікті нығайту. Оқушылар жыл бойы Алғыс айту күніне, Наурыз мерекесіне, Қазақстан халқының бірлігі күніне т.б. айтулы даталарға арналған іс-шаралар өткізеді. Дайындық барысында сан түрлі ұлт өкілдерінің мәдениетімен, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен танысады», - деді білім ордасының директоры Салтанат Максютова.
Іс-шара барысында жас өрендер театрландырылған қойылым көрсетті, олар қазақ еліне еріксіз қоныс аударғандарды құшақ жая қарсы алған қазақ халқының өкілдерін асқан шеберлікпен сомдап шықты.
Форум қонақтары 30-жылдардағы аштық, саяси репрессия, Ұлы Отан соғысындағы қиын кезеңдер бейнеленген журналды көріп, көздеріне жас алды. Ал деректі фильмдердің кадрлары мен оқушылардың жүрекжарды өлеңдері ешбір жанды бейжай қалдырмады.
«Бұл журнал – тарихтан сыр шертетін әдістемелік материал. Мектеп ұжымының еңбегі көңіл қуантады. Бұны мектеп директоры Салтанат Қазиқанованың ерен ісі деп білемін. Адамгершілік пен еңбекті алдыңғы қатарға қоятын осындай өскелең ұрпақпен мақтанамыз», - деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Аққожина.
Іс-шара соңына қарай Бибігүл Бүркітқызы мектеп кітапханасы үшін кітаптар сыйлады, ал қонақтар мектеп мұражайын аралады.