Chania
492
02.03.2020
Қостанайда Алғыс айту күні аталып өтілді

Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармонияда өткен салтанатты іс-шараға адам көп жиналды

Филармонияның кіреберіс тұсына әдеттегідей көрме ұйымдастырылды. Көрмеге этномәдени бірлестіктер өкілдеріне тиесілі заттар, тарихи-өлкетану мұражайынан алынған бұйымдар, сондай-ақ, бауырсақтың сан түрі ұсынылды. Қатысушылар қазақ, қырғыз, татар, грек халықтарының бауырсақтарынан дәм татты.

Іс-шара қонақтарын  «Мирас» мәдениет сарайының қазақ халық аспаптар оркестрі әуелеген әнімен қарсы алса, ұлттық киім киген арулар жиналған қауымға сары алтындай бауырсақ ұсынды.

Ғимараттың екінші қабатына Елбасының Достық Үйін ашу рәсімі бейнеленген суреттер ілінді, Қостанай жеріне республикалық Сабантуй мерекесін атап өтуге келген Татарстан Республикасының  президенті фотокартиналарға қарап, алғыс айту күні мерекесі қабылданған күні қолын кеудесіне қойып, қазақ халқының әнұранын тыңдағанын еске алды.  

Іс-шара қатысушылары  мен қонақтары «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» логотипі  бейнеленген фотоаймақтың жанында суретке түсті.

Салтанатты іс-шара театрландырылған қойылымнан басталды.  Қазақ және орыс драма театрларының әртістері қазақ еліне келген сан түрлі ұлт өкілдерінің тарихынан сыр шертті. Депортация, соғыс, тың игеру жылдарындағы оқиғаларды көрерменнің көз алдына келтірді. Мейірімділік пен төзімділіктің, өзара құрметтің арқасында қиыншылықтарға төтеп берген халықтың рухын көрсетті.

«Соғыс басталардан бұрын республикамызда алты миллион адам тұрған, олардың көбі қазақ болатын. Содан кейін 5,5 миллиондай кавказ халықтарының, поляк, неміс ұлттарының өкілдері келді. Қазақстан барлығын құшақ жая қарсы алды. Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық ұлттарының ортақ құндылықтары мен идеалдары қалыптасты. Барлығының дамуына тең жағдай жасалды», - деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.

«Бәрінен бұрын халықты белгісіз Қазақстан жеріне, иен далаға апарып тастағаны жанға қатты батты.  Бірақ бізді қабылдап, қолындағы барымен бөлісіп, көмек көрсеткен қазақ халқының арқасында аман қалдық.  «Адамды адам қылатын - төзімділік пен қайырымдылық», - деп бекер айтылмаса керек. Мен Отанынан айрылған жандарға қолдау танытқан қазақ еліне шын жүректен алғысымды айтамын. Менің жүрегім екі Отаным Шешен Республикасы мен Қазақстан үшін соғады, оларды өркендету үшін аянбай еңбек етуге дайынмын», - деді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Эльбрус Тимаев.

«Прима» студиясының жас әншілері, Мария Кубжасова және Бекболат Жазықпаев «Мой край» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Анна Удесиани, Петр Костенко, Иван Дычко, Темирлан Шадукаев, Қонысбек Бегайдаров сынды облыстың танымал тұлғалары бейнежазба дайындапты, олар қостанайлық белгілі ақын Александра Ильинична Суслованың Алғыс айту күніне арналған патриоттық өлеңдерін нақышына келтіре орындап,  Қазақ еліне деген махаббатын жеткізді.

Іс-шара соңына қарай Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Еріктілер қозғалысы орталығының өкілдері флэшмоб орындады, еріктілер билеп қана қоймай, қимылдарымен «25» санын  көрсетті.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы әнұранының авторы, «SuperStar.kz» телебайқауының финалисі Роман Ким келіп, өнер көрсетті. Оны Қостанай жеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына және Алғыс айту күніне орай корей этномәдени бірлестігі шақырып, көрермендерге тосынсый жасады.

Облыстық Достық Үйінің ұжымы мерекені ұйымдастыруға атсалысқан барлық өнерпаздарға: «Алтын дала» балетіне, «Эстель»шоу-балетіне, «Индиго», «Горцы Ахыска», «Зарянка», би ұжымдарына, қазақ және орыс театрларының әртістеріне, «Жаным» сән театрына, әншілерге, Федоров ауылынан келген өнерпаз Елена Запоражануға шын жүректен алғыс білдіреді.