Қостанай жерінде «Тобыл толқындары» атты халықтық би байқауы өтті.
Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған бишілер Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған іс-шараға қатысып, өнерлерін паш етті. Іс-шараны облыстық мәдениет басқармасы және көркемөнер халық шығармашылығы және кинобейнеқор орталығы ұйымдастырды, солардың арқасында қала тұрғындары мен қонақтары мың бұралған бишілердің өнеріне тәнті болды. Би байқауы «Мирас» Мәдениет сарайында өтті. Дәстүрлі би мерекесіне қатысуға басқа аймақтардың өнерпаздары келді. Ақмола облысынан келген «Фламинго» ансамблі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл байқаудың мақсаты - хореографиялық көркемөнер шығармашылығын қолдау және дамыту, Қазақстан халқының мәдени мұрасын сақтау ғана емес, сонымен қатар, жастарды өнерге тарту, жетілдіру, олардың шығармашылық әлеуетін арттыру. Сахна төрінде жастар ғана өнер көрсетті.
«Жас дарындардың қонақжай Қостанай жеріне келіп, өнерлерін көрсетіп, шеберліктерін шыңдауы, тәжірибе алмасуы қуантарлық жайт. Бұл байқау нәтижесінде біз «Наурыз достарды шақырады» атты халықаралық фестивальге қатысатын өнерпаздарды іріктеп аламыз, жоғары деңгейде өнер көрсеткен бишілер ағымдағы жылдың наурыз айында өтетін ауқымды іс-шараға қатысады. Ресейден, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекетінен келген бишілердің өнері жаныма жылулық сыйлады, қазақстандық бишілердің өнері көңілімнен шықты», - деді «Карнавал» би ансамблінің жетекшісі және әділқазылар алқасының мүшесі Шамиль Фахрутдинов.