Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері 6997 әскери бөліміне барып, болашақ офицерлермен және келісім-шарт негізінде әрекет етуші қызметшілермен кездесті. Қонақтарды әскери оркестр қарсы алды. Іс-шара тақырыбы Жамбыл облысының Қордай ауданындағы қайғылы жағдайға арналды. Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының профессоры, саясаткер Валерий Вишниченко жүздеген солдаттың алдында сөз сөйледі.
«Қазақстан - көпұлтты ел, бірлігіміздің арқасында талай жетістіктерге қол жеткіздік, әлі де бағындыратын белестеріміз баршылық. Бүгінде көптеген азаматтар тұрмыстық, әлеуметтік, жеке дауларды ушықтырып, ұлтаралық, тіпті саяси араздық тудыруда, сол арқылы этникалық топтардың арасына ірікті салынады. Мұндай әрекеттерге жол бермеу қажет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай «біздің мемлекетіміздің іргетасы - бейбітшілік пен қоғамдық келісім». Бәріміз жұдырықтай жұмылып, ынтымағымызды сақтайық», - деді ел жанашыры.
Аталмыш іс-шараға А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік универсиетінің жанындағы іргелі зерттеулер институтының директоры, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Әлімжан Бекмағамбетов қатысқан болатын. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық топ мүшелерінің қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қалыптастыруға, аймақтардағы этносаралық жағдайды зерттеуге бағытталған жұмысымен бөлісіп, ұлтаралық дау-дамайлардың алдын алуға мүмкіндік беретін іс-әрекеттер алгоритмдерінің құрылатындығын жеткізді.
6697 әскери бөлімінің запастағы ардагері Рим Закеевич Хасанов болашақ офицерлерге кез-келген жағдайда батылдық, сабырлық сақтап, мәселелерді салқынқандылықпен шешу қажеттігін жеткізді, сондай-ақ, олардың ел игілігі мен қауіпсіздігі жолында адал қызмет етуін тіледі.
Кездесу барысында 6997 әскери бөлімінің оркестрі патриоттық әндер шырқап, жиналған қауымды ерекше әсерге бөледі.