Облыстық Аналар кеңесі «5+1=ProЧитаем Вместе Летом» отбасылық оқылым акциясының қорытындысы бойынша эссе жинағын шығарды.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы мен Л. Толстой атындағы облыстық кітапхана ұжымдары бірлесіп «отбасылық оқылым» акциясын ұйымдастырды, жобаның мақсаты – отбасы мүшелерін кітап оқуға баулу.
Жоба облыстық байқау форматында өтті. Іс-шараға аймақ бойынша 22 отбасы қатысты. Жоба үйлестірушілері 5 қызық кітап таңдап берді, 6-шы кітапты қатысушылардың өздері таңдады.
«Қатысушылар кітаптарды оқып болғаннан соң сын-пікірлерін білдіріп, әсерлерімен бөлісті. Оқырмандар әрбір кітаптан қанатты сөздерді белгілеп, оларды ұйымдастырушыларға жіберді. Сондай-ақ, барша қауымды кітап оқуға үгіттейтін бейнематериал дайындады», - дейді «Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ-нің бас сарапшысы Қанағат Қасым.
Нәтижесінде 70 (олардың он бірі қазақ тілінде) сын-пікір жазылды. Барлық әдеби еңбектерден бір жинақ құрылды, қазіргі таңда оның электрондық нұсқасы сақтаулы.
«Кітап – ата-ана мен баланы жақындастыратын құрал. Ұйымдастырушылардың таңдап берген кітаптарды бірге оқып, сын пікір жазған ата-аналар мен балалардың қарым-қатынастары нығайып, өзара түсіністік орнады. Ата-аналар балаларының қызығушылықтарын және оларды толғантатын мәселелерді анықтады», - дейді облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Шушаник Саркисян.
Жоба нәтижесінде барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.