Chania
620
20.01.2020
Мейірімділік жасасын!

Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Еріктілер қозғалысының орталығы есігін айқара ашты.

Қостанайда облыстық Достық Үйінің жанынан құрылған Еріктілер қозғалысының орталығының Ашық есік күні өтті. Іс-шараға сан түрлі мемлекеттік құрылымдардың өкілдері мен облыстың барлық аудандарынан келген 100-ден астам ерікті қатысты.

«Еріктілік – игі іс. Достық Үйінде әдістемелік көмек, консалтингтік кеңес берілетін болады; кейбіреулерге әкімшілік ресурстар қажет болар, біз бәрін қамтамасыз етуге тырысамыз», - деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Аққожина.

Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Еріктілер қозғалысы орталығының төрайымы ретінде Қостанай жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы 23 жасар Анастасия Пушкарева сайланды. Ол алты жыл бойы еріктілікті дамытумен айналысып келеді және бұны өмірінің ісі деп санайды.

         «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен Қостанайда мамыр айында Қазақстан-Ресей  жастарының форумы өткен болатын. Мемлекет басшысы Ресейдегі еріктілер қозғалысының дамуына ерекше назар аударып, 2020 жылды Қазақстандағы еріктілер жылы деп жариялады. ҚХА-ның Еріктілер қозғалысының Орталығын ашу туралы шешімі көңіл қуантарлық жайт. Облыстық штаб 75 адамнан құралған. Олардың қатарында студенттер, оқушылар, ересек адамдар, қоғам көшбасшылары  бар. Кейбіреулері зейнет жасына келсе де, біздің игі бастамаларымызды қолдауға дайын», - дейді

Іс-шараға Арапова Наталья Борисовна есімді азаматша қатысты, шаш үлгісі, киімі ерекше әйелді зейнеткерге ұқсату қиын. Медицина саласында адал қызмет атқарып, зейнетке шыққан кейуана бос уақытын адамдарға қайырымдылық жасауға арнауды жөн санайды.

«Әлеуметтік желідегі «Прометей» еріктілер орталығы қайырымдылық акция ұйымдастыраы» деген хабарламаға көзім түсті.  Мен топ жетекшісіне хабарласып, жақсылық жасауға дайын екендігімді жеткіздім. Кезінде халық санағын жүргізгенде рухани көмекке зәру жалғыз басты адамдардың көптігін байқайтынмын. Мен жалғызбасты қариялармен уақыт өткізіп, әңгіме-дүкен құрып, олардың өміріне сән кіргізем», - дейді Наталья Борисовна.

Еріктілердің дені – жаңа технологияларды жетік меңгерген жастар. Олар үшін Еріктілер қозғалысы орталығының сайты (http://volonteryank.tilda.ws/) ашылды. Сайтта  орталық жұмысының бағыттары туралы ақпарат алып, аудандық еріктілер қозғалыстарының байланыстарын көруге болады, сондай-ақ, көмекшілер қатарына кіруге өтінім беруге болады.

Орталықтың ашылуына келген қонақтар жергілікті жерлердегі жұмыс тәжірибесімен бөлісті, орталық ашылғаннан соң 8 қостанайлық мектепке барып, білім, спорт, әлеуметтік және медиативтік еріктілік бағыттары бойынша сан түрлі іс-шаралар өткізді. Оқушылармен зияткерлік ойындар ойнады, спорттық жарыстар өткізді, конфликтология бойынша шеберлік сабақтарын, тренингтер ұйымдастырды.

Іс-шара соңына қарай «Баға жетпес сыйлық» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды, еріктілер облыстық балаларға арналған аурухананың кішкентай емделушілеріне Людмила Кирилинская басқаратын «Shuǵylakіtap» баспасынан жарық көрген 50 кітапты сыйға тартты.

Сондай-ақ, еріктілер жылдық  жоспарларымен бөлісті. Олар жалғыз басты қарияларға көмек көрсетеді, Қостанай ауданында өтетін Еріктілер форумына қатысады, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысын қолдау мақсатында Еріктілердің республикалық слетін өткізеді.