Chania
37
16.11.2021
Ұлы мұрат – ұлт болып ұйысу

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің ұйытқысы не? Оны насихаттаудың жолы қайсы? Шешімі табылмаған қандай мәселелер бар? Кіндікті ұлттың құндылықтарын дәріптеудегі Қазақстан халқы ассамблеясының рөлі қандай? Қостанайда өткен "Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы" атты республикалық лекторий аясындағы пленарлық отырыста осы түйткілдер талқыға түсті.

Жиын басында облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова этносаралық саясатты жүзеге асыру жолында осындай іс-шаралардың өңірлерде жиірек өткізіліп тұруы ерекше маңызды екенін айтты.  Республикалық деңгейдегі меймандарға Тобыл-Торғайда осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыра өтті. Облыста Қазақстан халқы Ассамблеясын қайта форматталып жатқанын айтты. Оның пікірінше, осы арқылы Ассамблея Қазақстан халқының ортақ құндылықтары мен мүдделерін қалыптастыру жұмыстарын жаңа серпінмен жалғастырмақ.

Ұлт ұйытқысы – тарихи сана Ел, мемлекет болғасын мемлекетте бір ұлт болуы керек. Ұлтты ұлт қылатын – ұлттық сана. Ал оның негізі тарихи жад, тарихи санадан бастау алады. Осылай деп ой сабақтады тарихшы,  ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институтының директоры  Еркін Әбіл.

"Негізгі мақсатымыз – Қазақстанда біртұтас саяси-азаматтық ұлт қалыптастыру. Ол үшін тарихи санамыз кемеліне жетуі керек. Оны жаңғырту мәселесі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап көтеріліп келеді.  30 жыл ішінде осы бағытта көп жұмыс атқарылды. Құнды материалдар жинақталды. Архив толықты. Шетелдерге археографиялық экспедициялар жасалды. Бұған дейін қолжетімсіз, тіпті беймәлім болып келген тарихи деректерді таптық. Енді Президент Қазақстан тарихының жаңа копцепциясын жасауды тапсырып отыр. Оған қаржы бөлінді. Бұл да үлкен жауапкершілік", — дейді Е.Әбіл.

Оның айтуынша, жаңа тұжырымдама жасау – тарихты қайта көшіру не өзгерту деген сөз емес. Бұл – ортақ тарихымызға деген көзқарас өзгереді деген сөз. Өткенімізге қандай да бір елдердің ықпалының объектісі ретінде емес, әлем тарихындағы өзіндік жеке-бөлек орны бар тарих ретінде қарайтын уақыт келді дегенді айтады ғалым. "30 жыл бойы тарихшыларымыз "Қазақстан тарихының зерттеу нысаны не болуы керек? Нені зерделеу керек: аумақ тарихын ба, халық тарихын ба?" деген сұрақты дау қылып келді. Екі тарап та белгілі шектен аса алмайтын. Ендігі байлам – "Ұлы даланың бірегей өркениетінің тарихы" таным нысанына айналуы тиіс. Алғаш қолға жылқы үйретілген энеолит дәуірінен бастап, заманауи тәуелсіз Қазақстанға дейінгі аралықты қамтитын біртұтас ұлт тарих жасалуы керек. Осы арқылы ақырында өзіміздің ортақ тарихи санамыз қалыптасуы қажет", — деп түйіндеді Еркін Аманжолұлы.

Қазір бұл бағытта үлкен еңбектер атқарылып жатыр. Нәтижесі келер жылдың соңында жария етілмек. Жаңа тұжырымдама мектептер мен жоғары оқу орындарында тарихты қалай оқытуды нақтылап беретін құжат болады.   Біріктіруші фактор – мемлекеттік тіл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: "Мемлекеттік тіл ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт жетті", — деген болатын. Бұл, бір жағынан, Қазақстан халқы Ассамблеясына жауапкершілік артқандай. Мұны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсімбаев өз баяндамасына арқау етті.

"Қазір мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері, әсіресе, жастар жағының көбейгенін байқаймыз. Бұл олардың өз мүмкіндіктерінің көкжиегін кеңейте түсері даусыз. Бастысы, тіл үйренуге үгіттеу достастық аясында ерік-қалаумен іске асып жатыр. Елдегі "Достық үйлерінде" 174 жексенбілік мектеп жұмыс істейді, оның 124-і қазақ тілін оқытуда. Ассамблеяның мемлекеттік тілді дамытуға арналған жобаларының саны да көп. Айталық, "Мың бала", Ұлы даланың ұлық тілі", "Мәміле" атты жобалар жемісті жұмыс істеп жатыр", — дейді ол. Еркін Құлымбайұлының пікірінше, мемлекеттік тіл біреу болғанымен, орыс тілінің қолданылуына тыйым салу да Қазақстан заңнамасына қайшы. Өйткені ресми тіл 30 жыл бойы этносаралық түсіністік пен үйлесімнің сақталуын қамтамасыз етіп келді.  Ал мінберге шақырылған Қостанайдағы М.Горький атындағы мектеп-гмназияның қазақ тілі мұғалімі Дмитрий Ромащенко қазақ тілі қазақтардың тілі ғана емес екенін алға тартты.  "Кез келген өркениетті елдің өзінің шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Ата заңымызда: "Қазақстанның мемлекеттік тілі – қаза тілі", — деп жазылды. Демек, әр қазақстандық Ата заң талаптарын орындауы тиіс. Мемлекеттік тіл – ортақ тіл. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты есептейтін азаматтардың тілі. Елбасы: "Қазақстанның болашағы қазақ тілінде", — деді. Ендеше, оны ұлтымызды, отбасымызды қадірлегендей қадірлеуіміз керек", — деп түйді жас мұғалім.

"Ахыска" түрік мәдени орталығының жетекшісі Аскер Пириев те сөз кезегі келгенде тек мемлекеттік тіл төңірегінде ой қорытты. "Қазастанды жақсы көреміз деп бәріміз айтамыз. Ұлттарды біріктіруші көптеген фактор бар. Бірақ, меніңше, ең басты фактор – мемлекеттік тіл. Бұл туымыз бен әнұранымыз, елтаңбамыз бен валютамыздың деңгейінде тұрады. Елдің дамығанын қаласақ, дамудың дәл қазіргі сатысында мемлекеттік тілдің өркендеуін үлес қосуымыз керек. Басқа аспектілерде, шүкір, еліміз ілгерілеп барады. Бір мысал айтайын, егер сіз немісше білмесеңіз, Германияда жұрт қатарлы тұрмыс кешу мүмкін емес. Онда өмір сүруге барғандар өздері үшін немісше үйренудің ауыр сынынан өтеді. Үйренген соң ғана тең құқылы азаматына айналады. Болашақта бізде де осындай тәртіп қолданылуы ғажап емес қой", — дейді қоғамдық бірлестік жетекшісі. Ол мемлекеттік тілдің маркаға айналып, экономика мен ғылымның, саясат пен дипломатияның тілі ретінде мойындалатынына кәміл сенетінін айтты. Өзге баяндамашылар да мемлекеттік тілдің келешегі, қолданыс аясы мен үстемдігі туралы пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, ҚХА әлемдегі теңдесі жоқ институт, басқа елдердегі ассамблеялар ҮЕҰ деңгейінде десті спикерлер.    Қандастарға құшақ аш, Қазақстан Егемендіктің ең ерен игіліктерінің бірі – шартарапқа тарыдай шашыраған қарға тамырлы қандастардың атамекенге көштің басын бұруы. 30 жылдың ішінде шетелден 1 млн 100 мың қааракөз Қазақстанға оралған. Қостанай облысынан 33 мың ағайын қоныс тауыпты. Бүгінде байырғы жұртпен біте-қайнасып, тарихи Отанда тамыр жайып, ел қатарлы еңбек етіп, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жатыр. Ендігі бір ғажап жаңалық – атақонысқа тағы 1 млн адамның көшіп келгісі бар екен. Мұндай деректерді "Отандастар" Қоры" АҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов мәлім етті.

"Президент Қ.Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" мақаласында: "Соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды солтүстік және шығыс өңірлерге орналастыруды жандандырамыз", — деген еді. Осыған орай, ҚР Үкіметі 2025 жылға дейін шетелдегі 80 мың ағайынды елге көшіріп әкелеміз және жәрдемдесеміз деген байлам жасады. Ал мұның сыртында, "Отандастар" қоры арнайы зерттеу жүргізген еді. Нәтижесінде, шекаралас мемлекеттерде тұратын қандастардың 1 млн-ы атамекенге ат басын бұруға дайын отырғаны белгілі болды. Карантин алынып, шекаралар ашылса, ұлы көш заңды жалғасын тапқалы тұр", — деп мәлімдеді М.Сарбасов.

Бұл Қор көшіп келген қандастарды бейімдеу, жан-жақты жәрдем беру және алыс-жақын шетелдерде тұратын ағайындармен мәдени-іскерлік байланыс орнату, кез келген мұқтаждықтарын шешу тетіктерін іздестірумен айналысады. Құрылтайшылары – Сыртқы істер министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Бауырластардың қамқоршысы болып жүрген Қордың вице-президенті Мағауия Қанапияұлы Қостанай өңірі қандастарды қоныстандыру үшін эностық көші-қонға басымдық берілген өңірлердің бірі екенін атап өтті. "Қостанай – астығы мол, ынтымағы зор аймақ. Күні кеше, іссапардың алғашқы күнінде қандастар көп шоғырланған елді мекендерге арнайы барып, ахуалдарымен танысып қайттық. Бәрі өзіміз ойлағандай керемет екен. Осынау ағайындардың жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға ауыртпалықсыз бейімделіп кетуіне жәрдемдесіп жатқан әкімдіктер мен жергілікті атқарушы орган өкілдеріне айтар алғысымыз шексіз", — деді М.Сарбасов.

Тобыл-Торғай  топырағынан несібе бұйырған қара орман қандастың атынан белгілі журналист, "Астана" телеарнасының Қостанайдағы тілшісі Заңғар Санай сөз алды. "Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған нұрлы көшпен атамекенге оралған қазақтардың бірі мен едім. 30 жыл бұрын 10 жастағы ойын баласы енді, міне, қылшылдаған ұырыұтың қамалын алуға қадам басып тұр. Мен егемен елде еркін жүріп ержеттім. Атажұртта әулетімізбен ата кәсіпті ілгерілетіп, салт-дәстүрді дәріптеп жатқан жайымыз бар. 30 жылда орда тігіп, орнымызды таптық. Еліміздің тәуелсіздік дәуіріндегі толағай табысына тамшыдай болса үлес қостық деп ойлаймын. Осы өңірге қоныстанған өзге де қандас бауырлар мыңғыртып мал өргізіп, төрт түлік өнімімен нәсіп тауып отыр", — дейді З.Санай. Ол байсалды көш жалғасын тапуып, шеттегі қандас жаппай Тобыл жаққа қоныстанса, жайлы да сайлы тұрмыс кешеріне сенімді екенін айтады. "Біздің қолымыздан келген істі еңбексүйгіш өзге де қандастар қиюын келтіріп, дөңгелентіп әкете алады. Атажұртқа ат басын тіреген кез келген ағайын Отанымызға оңай бейімделіп, түрлі ұлт өкілдерімен тез тіл табысып кетеріне күмән жоқ. Лайым, 1 млн емес, тыста жүрген 5 млн қазақ түгелдей Қазақстанға оралатын күн туғай!"  — деп сөзін қорытындылады танымал журналист.

…Пленарлық жиыннан соң лекторий делегаттары Ахаң атындағы университетте, "Тілдарын" тілдерді оқыту орталығында, "Қоғамдық келісім" мекемесінде практикалық жиындар өткізді. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттауға арналған республикалық іс-шара басқа өңірлерде де жалғасын табады. 

Ақпарат мына сайттан алынды:http://http://www.kostanaytany.kz